Қытайдың Қорғас қаласында жекеменшік жүк тиейтін уақытша сақтау қоймасында өрт шығып, салдарынан Қазақстанға шығуға дайындалып тұрған 17 жүк көлігі өртеніп кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиғаның бейнежазбасы желіде таралды.
Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметінше, ҚХР-дың Қорғас қаласында жекеменшік жүк тиейтін уақытша сақтау қоймасында таңғы уақытта өрт шығып, салдарынан уақытша сақтау қоймасы және қоймада Қазақстанға шығуға дайындалып тұрған 17 жүк көлігі тауарлармен бірге өртеніп кетті.
"Нақты саны тергеу аяқталған соң беріледі. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Оқиға Қытай аумағында болғандықтан, барлық тергеп-тексерулер ҚХР заңына сәйкес жүргізіледі", – деді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Дидар Ешенов.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында шекара маңындағы аумақта өрт туралы жарияланым анықталды. Анықтау барысында, 2026 жылғы 4 мамырда Қытай Халық Республикасының шекарасына жақын аумақта өрт орын алған. Аталған оқиға бойынша "101" және "112" жедел қызметтерінің пультіне хабарламалар түспеген, себебі бұл аумақ Қытай Халық Республикасына тиесілі", – делінген хабарламада.