Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол жүктері жылжи бастады

1128

Алашанкоу станциясында жабық вагондар босатылып жатыр. 

Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол жүктері жылжи бастады

Соңғы 3 күнде Қазақстан-Қытай шекарасында қозғалыс пайда болды, - деп хабарлайды Inbusiness.kz.

ElDala.kz сайтына сұхбат берген ҚТЖ-Жүк тасымалы бас директорының орынбасары Қанат Көбесов осныдай мәлімет айтқан. 

"Соңғы үш күнде Қытай теміржолы аздап болса да жандана бастағанын байқадық. Олар Алашанкоу станциясында жабық вагондарды түсіре бастады. 16 ақпанда көрші ел 32 жабық вагондағы өнімді түсірді. Бұл зығыр тұқымы, күнбағыс, арпа және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің түрлері болатын. Босаған вагондар кері қайтарылып жатыр. 17 ақпанда 39 вагон босады. Ол вагондарда паллеттердегі тамақ өнімдері тиелген болатын. 18 ақпанда біз оларға мақта тиелген 15 вагон қабылдау керектігін айттық. Астық тиелген жабық вагондарды да жібердік", - дейді ҚТЖ өкілі.

Демек, үш күнде 71 вагонның жүгі түсірілген. Еске салсақ, осы аптаның басында Алашанкоу станциясында 430 вагон кезек кептелісінде тұрған еді. Қазір соның 359 қалды. Қытай тарабы Қазақстан тауарларын осы қарқынмен қабылдай берсе, келесі аптада қалған вагондар да босап қайтады. Осыдан кейін ғана Қытайға баратын жүк вагондардың қалғанын шекараға жөнелтуге болады. Оның ішінде ауылшаруашылық өнімдері тиелген 1900-ге жуық вагон бар.

Қытай 2020 жылдың қараша айында теміржол жүктеріне арналған карантиндік шектеулерді күшейткен еді. Қазақстан тарабы сол шектеулерді біртіндеп бәсеңдетуге талпынып жатыр. Оның нәтижесі әзірге 71 вагон ғана.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу