Қазақстан Қытайға бидай экспортын 3 млн тоннаға дейін арттырады

161

Екі ел арасындағы сауда көлемі 1,7 есе өскен. 

Қазақстан Қытайға бидай экспортын 3 млн тоннаға дейін арттырады Фото: gov.kz

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау мемлекеттік комитетінің экономика және сауда департаментінің директоры Ван Цзяньцзюньмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

2023 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдерінің сауда айналымы 1,7 есе өсіп, 1,3 млрд. доллардан асты. 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы АӨК өнімдерінің сауда айналымы 648,1 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% -ға көп, оның ішінде экспорт - 460 млн. АҚШ доллары, импорт - 188 млн. АҚШ доллары.

"Қытай нарығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, дәнді дақылдарды экспорттау үшін өте қызықты. Екі елдің басшыларының келісімі бойынша дәнді дақылдардың экспорт көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы тапсырма бар. Біз 3 млн тонна дәнді дақыл жеткізуге дайынбыз және жалпы алғанда бұл бағыттағы екі жақты тиімді ынтымақтастық үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз", - деді министр.

Өз кезегінде Ван Цзяньцзюнь Қазақстанға келген делегацияның негізгі мақсаты Қазақстан мен Қытай арасындағы бидай саудасы мәселелері бойынша потенциалды пайдалану туралы келіссөздер жүргізу екенін атап өтті.

"Қазақстан стратегиялық серіктес және дәнді дақылдардың ірі жеткізушісі. Біз импорт көлемін анықтауды жоспарлап отырмыз және жеткізілімдер тұрақты негізде жүргізілсін деп тілейміз", - деді Ван Цзяньцзюнь.

Тараптар Қазақстан-Қытай бидай саудасы ынтымақтастығын дамыту, логистика мәселелерін талқылады.

Қосымша айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстан Қытаймен Қытай нарығына 28 түрлі өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау туралы хаттамаларға қол қойған.

Сонымен қатар, Қытайға экспорттау құқығы бар кәсіпорындар тізіліміне барлығы 1990 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын, оның ішінде 1948 өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын және 42 мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу