Үрімшіде XI "Қытай – Еуразия" көрмесі аясында өткен "Қытайға экспорт: Қазақстан" арнайы панельдік сессиясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қытайға экспорт" бастамасын алғаш рет 2025 жылы Қытай халықаралық импорт көрмесінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян ұсынған. Ал 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен бірге осы бастама аясында жеке ұлттық сессия өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Жұманғариннің айтуынша, бұл алаң қазақстандық өндірушілерге Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытып, халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің Қытаймен сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы стратегиялық рөліне тоқталды.
Сапар аясында Серік Жұманғарин "Qaztrade" сауда саясатын дамыту орталығының Үрімші қаласындағы өкілдігінің жұмысымен танысты. Өкілдіктің қолдауымен Қытайдың 1000-нан астам дүкені бар "8:30" сауда желісінің 200–300 дүкенінде Sun Planet, Delis және Run Planet брендтерінің өнімдерін пилоттық форматта сату жөнінде алдын ала келісім жасалды.
Сондай-ақ "Алан және Компания" мен Baysan Group өнімдерін Қытай нарығына шығару туралы келісімдерге қол қойылып, "Сұлтан" макароны, "Пиала" шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірген 20 тонна қазақстандық тауардың алғашқы пилоттық жеткізілімі ұйымдастырылды.