Қазақстан Қытайға мұнай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр

332

Қазақстан мен Қытай мұнай өңдеу, мұнай тасымалы және жасыл энергетика бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Қытайға мұнай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр Фото: ЖИ

Тараптар Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту мәселесін қарастырды.

Ақкенженов Қытайдың Циндао қаласында ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжимен кездесті. Келіссөздер "Бір белдеу – бір жол" энергетика жөніндегі төртінші министрлік конференциясы аясында өтті.

Кездесу барысында екі ел энергетикалық ресурстарды тасымалдау, мұнай мен газды терең өңдеу, газ инфрақұрылымын жетілдіру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ таза көмір технологияларын енгізу перспективаларына назар аударылды.

Мұнай тасымалы бойынша "Атасу – Алашанькоу" құбырының жұмысы сөз болды. Биылғы жылдың алғашқы 10 айында осы бағыт арқылы 9,5 млн тонна мұнай жеткізілген. Тараптар құбырдың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және Қытайға транзиттік тасымалды 2034 жылға дейін жалғастыру жөніндегі ұзақ мерзімді келісімдердің маңызын атап өтті.

Мұнай өңдеу саласындағы басты жобалардың бірі – Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын екі есеге арттыру. Осыған байланысты техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау және жобаны базалық жобалау кезеңіне өткізу мәселелері қаралды. Жобаны жүзеге асыру "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырлары жүйесін дамыту жоспарларымен үйлестірілмек.

Газ саласында тараптар тасымалдау инфрақұрылымын дамыту, өңірлік транзиттік мүмкіндіктерді арттыру және трансшекаралық бағыттардағы жұмысты үйлестіру мәселелерін талқылады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов екіжақты серіктестікте шикізатты терең өңдеудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Шымкент МӨЗ-ін кеңейтумен қатар, полиэтилен өндіретін зауыт салу, көмір химиясын дамыту және таза көмір технологияларын енгізу де басым бағыттардың қатарында.

Жасыл энергетика бойынша Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5%-ға жеткені айтылды. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы келісім аясында жалпы қуаты 1,8 ГВт болатын күн және жел электр станциялары жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ бірлескен жобалар портфелін тағы 1 ГВт-қа кеңейту мүмкіндігі талқыланды.

Келіссөздер соңында екі елдің энергетика ведомстволары бірлескен жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін тұрақты байланыс орнатуға келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу