Қазақстан Қытайға өз өнімдерін жеткізуді арттыруға дайын — Әлихан Смайылов

851

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6%-дан астамы Шаньдунға тиесілі.

Қазақстан Қытайға өз өнімдерін жеткізуді арттыруға дайын — Әлихан Смайылов Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6%-дан астамы Шаньдунға тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өз өнімдерін Қытай нарығына одан әрі ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыруға мүдделі. Осыны ескере отырып, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы шеңберінде көлік әлеуетін дамыту және өзара іс-қимылды тереңдету ерекше өзектілікке ие.

"Бұған бір күн бұрын Алматыда өткен қазақстандық арпаны ҚХР-ға жеткізу үшін "Қытай–Еуропа" бағыты бойынша алғашқы кері бағыттағы пойыздың іске қосылуы ықпал етеді. Біз осы бағыт арқылы қазақстандық өнімдерді жеткізуді арттыруға және жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейтуге дайынбыз", — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-Министр Астанада Шаньдун провинциясымен  ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

"Бұл іс-шара біздің іскер топтарымыз арасындағы өнімді сауда-инвестициялық өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз", — деді ол.

Өз кезегінде Лин У Шаньдун провинциясы мен Қазақстан өңірлері арасында өнімді ынтымақтастық орнағанын атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша үлкен әлеует бар.

"Бұл жолы бізбен бірге Шаньдун провинциясынан аталған салалардағы 100-ден астам кәсіпорынның өкілдері келді. Біз бірқатар бірлескен сауда-экономикалық жобаларға қол қоямыз деп отырмыз. Ортақ күш-жігердің арқасында болашақтағы ынтымақтастығымыз кеңейетініне сенімдіміз. Біз кәсіпорындарымыз арасындағы серіктестікті тереңдетіп, бірлескен жобаларды көбірек жүзеге асыруға дайынбыз", — деді Лин У.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу