Қазақстан Қытайға рапс күнжарасын экспорттайды

1087

Қазақстан Қытайға рапс күнжарасын экспорттайды

Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясы Сиань қаласында 2018 жылғы мамыр айының 10 мен 13 аралығында ШЫҰ-ға мүше елдердің арасында трансшекаралық эпизотиялық аурулармен күрес және мониторинг жүргізу бойынша конференция өтті, деп хабарлайды ҚР АШМ қоғаммен байланыс басқармасы.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Қытай Халық Республикасы бас кеден басқармасының төрағасы Ни Йефэн Қытайға рапс күнжарасын экспорттау туралы фитосанитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ қытайлық тарап Қазақстанның 5 облысы (ШҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары) вакцинациялау арқылы аусылдан босатылған таза аймақ мәртебесін алғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ветеринарлық сертификаттар бойынша Қытайға мал өнімдерін және тірі жануарларды жеткізу мүмкіндігі туды. (2016 жылы ҚХР Қазақстанның 9 аймағына вакцинациясыз аусылдан босатылған таза аумақ мәртебесін берді).

Нодулярлы дерматитке қатысты шектеулер еліміздің барлық аумағынан алынды, бұл жақын арада ҚР-дан ҚХР-ге экспортталатын сиыр етіне қойылатын ветеринарлық талаптар туралы хаттамаға қол қоюға мүмкіндік береді.
Экспорттаушы кәсіпорындар тізіміне енгізілетін қытайлық сарапшылардың арпа және жүгері өндіретін қазақстандық кәсіпорындарға тексеру жүргізуі жөнінде келісімдер жасалды.
Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Шөкеев Қытай Халық Республикасының партиялық және үкіметтік ұйым басшыларымен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу