Қазақстан Қытаймен бірлесе Транскаспий халықаралық көлік бағытын жетілдіреді

440

Осы бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі 2023 жылы 65%-ға ұлғайып, 2,7 млн тоннаға жетті (2022 жылғы 1,7 млн тоннамен салыстырғанда).

Қазақстан Қытаймен бірлесе Транскаспий халықаралық көлік бағытын жетілдіреді Фото: rail-news.kz

Сондықтан екі ел бірлесе қолайлы ортаны қалыптастыруға, логистикалық және көлік операцияларын оңтайландырып, тасымалдау уақытын қысқарту мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мақұлданды.

Келісім автомобиль, теміржол және теңіз көлігін тиімді пайдалануға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Ол екі елдің аумақтарында логистикалық орталықтарды дамыту арқылы 
Транскаспий халықаралық көлік маршрутына транзиттің қосымша көлемін тартуға ықпала етеді. 

Соңғы жылдары Транскаспий халықаралық көлік маршрутының трансконтинентальдық сауданы ілгерілету мен дамытудағы рөлі айтарлықтай өсті. 2022 жылы осы бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі екі есеге, ал 2023 жылы – тағы 65%-ға ұлғайып, 2,7 млн тоннаға жетті (2022 жылғы 1,7 млн тоннамен салыстырғанда). Бұл осы маршруттың жоғары тиімділігі мен сұранысын көрсетеді, сондай-ақ оны одан әрі дамыту Азия мен Еуропа арасындағы транзитті жандандыру үшін стратегиялық маңызға ие.

Бүгінгі таңда жүктерді Азиядан Еуропаға транзитпен жеткізу мерзімі 18 күнге дейін қысқартылды, оның 6 күні Қазақстан аумағына келеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жылдам, яғни көлік процестерін оңтайландырудың жоғары деңгейі мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарғаны бірден байқалады.

Келісім сонымен қатар көлік саласын реттейтін ведомстволар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, көлік бағытының тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қолдау үшін қолайлы ортаны бірлесіп қалыптастыру, логистикалық және көлік операцияларын оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу