Қазақстан бүкіләлемдік экономикалық форумның логистикалық құзіреттілік индексінде үздік 40 елдің қатарына қосылуды жоспарлауда. Бұл жайында бүгін Астана экономикалық форумы аясында өткен IV Халықаралық көліктік-логистикалық "New Silk Way" бизнес форумында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің көліктік желісіне ықпалдасу жұмыстарын қарқынды жүргізуде және оның дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Соңғы 9 жылда Қазақстандағы инфрақұрылымдарды, көлік пен логистиканы дамытуға салынған жалпы инвестицияның көлемі шамамен 26 млрд. долларды құрады. Мемлекет басшысының "Нұрлы жол" бағдарламасын "Жібек жолы" экономикалық белдеуімен түйіндестіру бастамасы инвестиция тартуға және Қазақстан мен Қытайдың инфрақұрылымдық жобалары бойынша іс-шараларды үйлестіруге мүмкіндік берді. Бүгінгі күннің өзінде біз елдеріміздің шекарасында 50 млн. тоннадан астам жүкті өткізуге қабілетті темір жол логистикалық инфрақұрылымын құрдық. Соңғы жылдары шамамен 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынды", - деді бірінші вице-премьер.
Оның айтуынша, бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан теміржол инфрақұрылымының сапасы бойынша 2016 жылдың қорытындысында 136 елдің ішінде 26-орынға тұрақтады. Ал логистикалық құзіреттілік индексі бойынша Қазақстан 77-орында тұр.
"Бірақ біз 2020 жылға қарай үздік 40 елдің қатарына қосылу мақсатын алға қойып отырмыз", - деді Асқар Мамин.