Әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты, ал озық ойлы ұлт болу үшін инновацияларды игеру – басты шарт.
"Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану білім саласындағы теңсіздікті жойып, оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде еліміздегі мектептердің 95%-дан астамы жылдам интернетке қосылған. Президент бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді тапсырды және бұл мәселені әлеуметтік әділдіктің маңызды қағидаты ретінде қарастыру керегін айтты.
Сонымен қатар инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға жағдай жасап отыр. Мектепке немесе колледжге қабылдау, басқа білім ұйымына ауысу сияқты негізгі қызметтердің барлығы цифрлық форматқа көшірілген. Электронды Үкіметтің мобильді қосымшасында білім беру саласына арналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр.