Қазақстанда тәртіптің мазмұнын айтарлықтай өзгертетін және Қарулы күштердің оқушыларды қызметке даярлауға қатысуын нығайтатын алғашқы әскери дайындықтың жаңартылған қағидалары бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құжатты Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті әскери қызмет және әскери-патриоттық тәрбие туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді ескере отырып әзірледі. Ережелер мектептерде, колледждерде және кәсіптік білім беру мекемелерінде алғашқы әскери дайындықты ұйымдастыру мен оқытудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді, педагогтерге қойылатын талаптарды нақтылап, курстың практикалық құрамдас бөлігін кеңейтеді", – делінген хабарламада.
Негізгі өзгерістердің бірі "алғашқы әскери дайындық" тарихи атауының пәнге қайта оралуы болды. Бағдарлама әскери қызметшілердің құқықтары, міндеттері мен әлеуметтік кепілдіктері туралы практикалық элементтерді, оқу-далалық сабақтарды көбейту және түсіндіру жұмыстарын кеңейту есебінен күшейтіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева жаңартулар болашақ әскерге шақырылушыларды даярлау сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
"Біз пәнді оның нақты мазмұнына сай етеміз. Бұл азаматтарды армияға дайындаудың бірінші кезеңі. Балалар әскери қызметшінің жарғысын, міндеттерін, қызметтен кейінгі құқықтары мен кепілдіктерін түсінуі керек. Бүгінгі әскер – бұл нақты мамандық пен білім алудың мүмкіндігі. Мектеп оқушыларының бұл жайлы алдын ала білгенін қалаймыз", – деді ол.
Оқытушыларға қойылатын талаптар айтарлықтай өзгереді. АӘД-ны мамандығы бойынша педагогикалық білімі және әскери қызмет өткеру тәжірибесі бар азаматтар ғана жүргізе алады. Пән бойынша жұмыс істейтін мұғалімдер өз лауазымдарын сақтайды. Кемінде он жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер үшін Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарының базасында тегін педагогикалық қайта даярлау мүмкіндігі енгізіледі.
Бұл шешімнің кадрлық базаны нығайтып, оқушылардың пәнге деген сенімін арттыратынын айтқан Министрдің кеңесшісі:
"Оқушылар әскерде қызмет еткен адамды көруі керек. Бұл қорқыныш пен сенімсіздікті болдырмайды, әрі армияның қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге мүмкіндік береді", – деді.
Жаңартылған ережелер әскери бөлімдердің рөлін кеңейтеді: оқу-далалық жиындардың практикалық құрамдас бөлігі күшейтіледі, бөлімше командирлері жекелеген сабақтарға қатысып, далалық базаны көрсетеді. АӘД оқытушыларының біліктілігін арттыру бұдан былай әскери жоғары оқу орындарының, кафедралардың және Қорғаныс министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының базасында ғана жүргізіледі. Бұл өзекті әскери тәжірибеге қол жеткізуге ықпал етеді.