2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны 412 мыңға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көбейгенін көрсетеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы осылай деп мәлімдеді.
Педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркелді.
Сонымен қатар, жас мамандар легі де артып келеді – кадр қажеттілігі педагогикалық жоғары оқу орындарын жаңадан бітірген түлектер есебінен де қамтамасыз етіліп жатыр.
"Педагогтер санының артуы еліміздің орта білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде еліміздегі мұғалімдердің 73%-ы жоғары біліктілік санатына ие – бұл кәсібилік пен білім сапасының маңызды көрсеткіші", - деді Мереке Амангелдіқызы.
Сондай-ақ, ол педагогтерге қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін еске салды.
Президенттің бастамасымен биыл алғаш рет бірден екі мұғалімге "Еңбек Ері" атағы берілді. Тағы 36 мұғалім мемлекеттік наградалармен марапатталып, 64-і "Үздік педагог" деп танылды.
Олардың барлығы мемлекеттен 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 3,5 миллион теңгеден астам сыйақы алды.