2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 24,5%-ке төмендеп, 3,2 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экспорт көлемі 47,7%-ке азайып, 1,03 млрд АҚШ долларына жетті. Ал импорт 4,1%-ке қысқарып, 2,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Экспорт құрылымында шикі мұнай – 361,4 млн доллар, уран – 286 млн доллар, күміс – 177,8 млн доллар, ферроқорытпалар – 110,6 млн доллар және тантал өнімдері – 20,2 млн доллар көлемінде тіркелді.
Импортта ұшу аппараттары – 293,6 млн доллар, жеңіл автокөліктер – 267,3 млн доллар, турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар – 192,7 млн доллар, дәрілік заттар – 77,3 млн доллар және медициналық аспаптар – 57,7 млн долларды құрады.
"Сауда көлемінің төмендеуіне қарамастан, инвестициялық бағыттағы өзара іс-қимыл тұрақты дамып келеді. 2015 жылдан бастап 2025 жылдың тоғыз айына дейін АҚШ-тан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28,9 млрд долларға жетті. Бұл АҚШ-тың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар инвестициялық серіктес екенін көрсетеді.
2025 жылғы қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары барысында "C5+1" форматында Орталық Азия елдері көшбасшыларының саммиті өтті. Нәтижесінде өнеркәсіп, энергетика, медицина, цифрландыру, білім беру және инновация салаларын қамтитын жалпы құны шамамен 17 млрд доллар болатын 29 екіжақты келісімге қол қойылды", – делінген зерттеуде.
Атап айтқанда, Air Astana әуе компаниясы үшін Boeing 787-9 ұшағын сатып алу, 1,1 млрд долларлық вольфрам кен орындарын игеру, 2,5 млрд доллар көлеміндегі John Deere ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жобасы, 1,3 млрд долларлық жасанды интеллект және цифрландыру жобалары, шамамен 1 млрд долларлық қаржылық келісімдер, Samruk-Kazyna мен Ashmore қатысуымен 150 млн долларлық медициналық клиника құру және АҚШ аумағында 130 млн долларлық химиялық кешен салу жобалары бар.
Сонымен қатар АҚШ Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл бағыт өңірлік экономикалық ынтымақтастықты күшейтіп, халықаралық сауда ағындарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік алдағы кезеңде технология, инфрақұрылым және креативті индустрия салаларында да тереңдей түсуі мүмкін.