Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары қарулы күштері делегациясының кездесуі барысында минасыздандыруды дамыту аясындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Екі елдің мамандары Қазақстан қарулы күштерінің минасыздандыру орталығы мен "Берег" оқу-жаттығу орталығын дамытуға қатысты ой-пікірімен бөлісті. Сондай-ақ бұл салада ақпараттық, әдістемелік және оқу материалдық базаны жетілдіру аясында екіжақты ынтымақтастық мәселесін келісті.
Сонымен бірге тараптар жер тазалау, қауіпті жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға қарсы тұру тақырыбында дайындық әдістемесін әзірлеу жөнінде нұсқаушылар мен маман оқып-үйрету қажеттілігі мәселесінде ортақ пікірге келді.
Қазіргі уақытта Қазақстан қарулы күштері инженерлік әскерін АҚШ қарулы күштерінің оқу жаттығу орталықтарына оқуға жіберу, сондай-ақ бірлескен сабақтар мен жаттығуды өткізу үшін екі елдің нұсқаушыларын тарту жөнінде уағдаластық әзірленіп жатыр. Қосымша ҚР ҚК Минасыздандыру орталығының кинологиялық қызметін дамыту жөнінде позиция әзірленіп жатыр.