Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Астанадағы АҚШ Елшілігі Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасы аясында Қазақстанның авиациялық билік органдары өкілдері мен Астана және Алматы әуежайлары мамандарының Джон Ф. Кеннеди атындағы халықаралық әуежайда (Нью-Йорк қаласы, АҚШ) өткен International Air Cargo Interdiction Training (IACIT) бағдарламасына қатысуын ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
IACIT бағдарламасын АҚШ Елшілігінің Export Control and Related Border Security (EXBS) бағдарламасының қолдауымен АҚШ Кеден және шекара қызметінің (CBP) Терроризмге қарсы іс-қимыл және жүктердің заңсыз қозғалысын тоқтату жөніндегі командасы (A-TCET) ұйымдастырды.
Оқу барысында мамандар жүк тасымалының тәуекелдерін талдау, әуе кемелері мен жүктерді тексеруді ұйымдастыру, бақылаудың техникалық құралдарын қолдану, кинологиялық бөлімшелердің жұмысы және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерінің заманауи тәсілдерімен танысты.
Авиациялық қауіпсіздік пен Кедендік бақылау рәсімдерін интеграциялау, сонымен қатар халықаралық жүк тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану саласында да егжей-тегжейлі тәжірибе алмасу өтті.
Бағдарламаға қатысу Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласындағы америкалық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды. Алынған тәжірибе авиациялық қауіпсіздік шараларын одан әрі жетілдіру және отандық авиациялық ұйымдардың қызметіне озық халықаралық тәжірибелерді енгізу үшін пайдаланылатын болады.