Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде АҚШ-тың Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) басшылығы мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар авиациялық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмыстың нәтижелерін қорытындылап, алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Әсіресе, EXBS бағдарламасы аясында Қазақстанға көрсетіліп жатқан практикалық қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ынтымақтастық аясында EXBS қолдауымен қазақстандық авиация мамандарына арналған арнайы оқу бағдарламалары ұйымдастырылып, халықаралық тәжірибе алмасу сапарлары өткізілген. Сонымен қатар еліміздің әуежайлары авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беретін заманауи тексеру жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
Кездесуге қатысушылар мамандарды даярлау, халықаралық тәжірибе алмасу және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі АҚШ тарапына тұрақты қолдау көрсетіп, елдің авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.