Қазақстан мен Аустрия заңсыз жүрген мигранттармен бірігіп күреседі

124

Тиісті құжат қабылданды. 

Қазақстан мен Аустрия заңсыз жүрген мигранттармен бірігіп күреседі Фото: ЖИ

Сенат "Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Мұрат Қадырбек таныстырды. 

"2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында қол қойылған бұл келісім – заңсыз көші-қонға және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Құжат екі елдің аумағына келу және болу шарттарына сәйкес келмейтін немесе сәйкес келмей қалған адамдарды анықтау және қауіпсіз әрі белгіленген тәртіппен қайтару бойынша тиімді рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған", – деді Сенат депутаты.

Ең алдымен, келісім сұрау салатын тараптың аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарына сәйкес келмейтін адамдарды қабылдау жөніндегі сұрау салынатын тараптың міндеттемелерін айқындайды. Атап айтқанда, үшінші мемлекеттердің азаматтарын олардың азаматтығы бар елге, ал азаматтығы жоқ адамдарды соңғы уақытта тұрақты тұрған немесе оларға жол жүру құжатын берген мемлекетке қайтару қағидаты бекітілген.

"Сонымен қатар, реадмиссия туралы сұрау салудың мазмұнына қойылатын талаптар, оны жолдау тәртібі мен қарау мерзімдері, қайтаруға жататын адамдарды тасымалдау шарттары мен тәсілдері белгіленген. Тасымалдау әуе және жерүсті көлігін қоса алғанда, кез келген көлік түрімен жүзеге асырылуы мүмкін. Екіншіден, құжат дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң кепілдіктерді көздейді, оның ішінде рұқсатсыз немесе заңсыз өңдеуден, сондай-ақ байқаусызда жоғалудан, жойылудан немесе зақымданудан қорғау шаралары қарастырылған.

Сонымен бірге, реадмиссия рәсімдеріне байланысты Тараптардың қаржылық міндеттемелері, соның ішінде көлік және транзиттеуге арналған шығындарды бөлу, дауларды реттеу тәртібі, сондай-ақ Келісімнің күшіне енуі мен қолданылуын тоқтату шарттары айқындалған", – деп атап өтті ол.

Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдар ретінде Қазақстан Республикасы ІІМ және Аустрия Республикасының Федералдық ІІМ Иммиграция және пана беру жөніндегі федералдық ведомствосы айқындалған. Тараптардың құзыретті органдары өзара келісім бойынша реадмиссия немесе транзиттеу рәсімдерін қамтамасыз етуге көмек көрсетеді, оның ішінде тиісті адамдарды байқау және қажетті құралдар беру арқылы жүзеге асырады.

"Қазақстан мұндай келісімдерді көптеген елдермен жасасуда, бүгінгі күні Ресей Федерациясы, Германия, Нидерланд және Франция сияқты мемлекеттермен қоса алғанда, 20-дан астам екіжақты реадмиссия туралы келісім қолданыста. Цифрларға тоқталатын болсақ, 2025 жылы Ішкі істер министрлігімен реадмиссия туралы 111 өтініштер қаралды, оның ішінде: Ресейден – 95, Германиядан – 13, Нидерландыдан – 1, Бельгиядан – 1, Швейцариядан – 1 өтініштер", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу