Оның сөзінше, жүйені толық пайдалануға беру келесі жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асыруға жақын.
Бұл жоғары технологиялық магистральді құрумен "Қазақтелеком" және "AzerTelecom" компаниялары бірлесіп айналысуды бастады. Жобаның басты мақсаты – деректерді беру жылдамдығын едәуір арттырып, сигналдың кідірісін барынша азайту. Соның нәтижесінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы интернет-трафик транзитінде негізгі цифрлық көпір ретіндегі рөлін нығайта түседі.
Баламалы байланыс арнасын құру идеясы мемлекеттік деңгейде бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Әсіресе, 2022 жылы салалық министрлік басшылығы мұндай бағыттың маңыздылығын ерекше атап өткен еді.
Аталған цифрлық жоба Каспий өңіріндегі өзге де ауқымды бастамалармен қатар дамып жатыр. Соның бірі – Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы алғашқы трансшекаралық энергетикалық бағытты көздейтін "Каспий жасыл дәлізі" жобасы. Халықаралық қаржы институттары қолдап отырған бұл бастамалардың барлығы Каспий аймағын энергетикалық әрі ақпараттық коммуникациялардың қуатты торабына айналдыруды мақсат етеді.