Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Халықаралық автомобиль байланысы жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы ратификация туралы" заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Депутаттарға заң жобасын таныстырған ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қазақстанның географиялық орналасуын ескере отырып, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мен Орталық Азиядағы ірі логистикалық хаб құру мақсатында жүк ағынын тарту бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
"2016 жылы автокөліпен жүк тасымалдау Қазақстан мен Әзірбайжан арасында 16%-ға артып, 6,2 мың тоннаны құрады. Келісімде екі ел арасындағы автокөлік тасымалдарын жүзеге асырудың құқықтық нормалары белгіленеді. Автотасымалдау түрлері мен рұқсат формаларын алмастыру квотасын белгілеу тәртібі реттеледі. Бұл келісімнің жүзеге асырылуы екі ел арасындағы автокөлік тасымалын одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Әзірбайжанның сауда-экономикалық ынтымақтастығына ықпал етеді", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Депутаттардың сұрақтарына жауап берген министр, соңғы 10 жылда екі ел арасындағы автокөлікпен жүк тасымалдау арнайы келісімсіз жүзеге асырылғанын атап өтті. Өйткені, 1996 жылы жасалған осындай келісім 2005 жылы өз күшін жойған болатын. Келісімді іске асырғаннан кейін почта жөнелтілімдерін тасымалдау үшін, спорттық іс-шараларға арналған жабдықтарға, көрмелерге, театрлық декорацияларға арнайы бланкілер талап етілмейтін болады.