Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді

287

Тиісті құжатқа 25 маусымда Абу-Дабиге жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов қол қойды.  

Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді Фото: polisia.kz

Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ішкі істер министрі Ержан Саденов Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары әрі Ішкі істер министрі Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер өткізді.

Тараптар қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, киберқылмысқа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді іздестіру, жедел ақпарат алмасу, заманауи технологияларды енгізу және кадрларды даярлау мәселелері қарастырылды.

Келіссөздердің басты нәтижесі – Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ішкі істер министрлігі арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа қол қою екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қосымша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Сонымен қатар БАӘ аумағында 14 мыңға жуық қазақстандық азамат тұрақты түрде тұрады. Қол қойылған меморандум оларға жүргізуші куәліктерін пайдалану кезінде жеңілдіктер әкелмек.

Меморандум ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тануды, сондай-ақ құжатта көзделген жағдайларда оларды жеңілдетілген тәртіппен айырбастауды қарастырады. Меморандум тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.

Сондай-ақ, сапар барысында қазақстандық делегация БАӘ-нің дағдарыстық жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің қызметімен танысты. Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденов EDGE Group технологиялық конгломератының басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, арнайы техника мен қару-жарақ салаларындағы озық әзірлемелер, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне арналған заманауи технологиялық шешімдер таныстырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу