Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асқан

451

Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 23%-ға өскен.

Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асқан Фото: primeminister.kz

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу "ИННОПРОМ. Қазақстан" халықаралық өнеркәсіп көрмесі қарсаңында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Беларусь Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 23%-ға өсіп, $1 млрд шегінен асты. Премьер-Министрдің айтуынша, өсімнің жоғары серпінін сақтау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің ауқымын кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажет.

Сонымен қатар екі ел арасындағы серіктестіктің қозғаушы күшінің бірі – өнеркәсіптік кооперация. Мәселен, қазірдің өзінде құны $180 млн-ға жуық 8 жоба жүзеге асырылып, соның негізінде 1400 жаңа жұмыс орны ашылды. Іске асыру сатысында құны $19 млн-ды құрайтын 2 жоба бар. Бұл ретте Қазақстан мен Беларусь ведомстволары 800-ге жуық жұмыс орнын құру арқылы құны $100 млн-нан асатын тағы 4 жобаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

"Қазақстан индустриялық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және қолданыстағы өндіріс орындарының қуатын кеңейтуге мүдделі", — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Беларусь Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының табысты ынтымақтастық жобалары осы бағытты одан әрі дамыту үшін үлгі бола алатынын атап өтті.

"Қазіргі бірлескен өндірістік қуаттар қазірдің өзінде Қазақстанда жылына 10 мың трактор мен 1 мыңға дейін комбайн шығаруға мүмкіндік береді. Біз бұл жобаларға алдағы уақытта да қолдау күтеміз", — деді Роман Головченко.

Сонымен қатар ол агроөнеркәсіптік кешен, өрт сөндіру-құтқару техникасын өндіру және құрылыс саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын атап көрсетті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу