Қазақстан мен Болгария Транскаспий дәлізінде серіктестік орнатады

149

Тараптар бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның "Бургас" және "Варна" теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті.  

Қазақстан мен Болгария Транскаспий дәлізінде серіктестік орнатады Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Болгария Транскаспий дәлізінде серіктестік орнатады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария президенті Румен Радев БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Президент ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін Румен Радевке шынайы ризашылығын жеткізді.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөз мазмұнды болғанына, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне мән берді.

– Атап айтқанда, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, бұл – жақсы үдеріс. Елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен елдеріміздің экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мол мүмкіндік бар. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, "жасыл" энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік, – деді Президент.

Сондай-ақ көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне назар аударылды.

Тараптар бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның "Бургас" және "Варна" теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті.

Мемлекет басшысы бұл жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беру қажет деп санайды. Президент Комиссия аясында Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Бұдан бөлек, Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Елімізге президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бүгін бизнес форум өтеді, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бизнес-форумға біз, екі ел басшылары да қатысатын болдық. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін "Қазақстан – Болгария" іскерлік кеңесін құруды ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу