Қазақстан мен Бразилия инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

639

2022 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 115 пайызға артып, 364,2 миллион долларды құраған.

Қазақстан мен Бразилия инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге келісті Фото: invest.gov.kz

Конфедерацияның вице-президенті Жилберто Порселло Петри бастаған Бразилия Ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының (CNI) өкілдері Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің екінші отырысына қатысу үшін Астанаға келді, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы (CNI) 1938 жылдан бастап Бразилия өнеркәсібінің негізгі өкілі болып табылады, ол 27 аймақтық өнеркәсіп федерацияларын, 1250 кәсіподақтарды біріктіреді, олардың құрамына 350 000 кәсіпорын кіреді.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровпен кездесу өтіп, ол елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жоғары әлеуетін атап өтті. Ол Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы ең ірі экономикалық әріптесі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 115 пайызға артып, 364,2 миллион долларды құраған. Сонымен қатар, министрдің орынбасары елдер арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында 2021 жылы құрылған Іскерлік кеңестің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан-Бразилия іскерлік кеңесінің екінші отырысының Астанада жемісті өтетініне сенім білдірді.

KAZAKH INVEST басшылығымен кездесу аясында Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесері өтті. Ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали еліміздің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, кездесуге қатысушыларды Қазақстандағы шетелдік бизнеске қолайлы жағдай туғызатын преференциялар мен басқа да құралдармен таныстырды.

Өз кезегінде CNI вице-президенті Жилберто Порселло Петри Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалап, бұл сапар екіжақты ынтымақтастықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына және екі елдің бизнесі үшін ортақ негіз табуға көмектесетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, ол сауда байланыстары қарқынды дамып жатқанын, бұл да инвестициялық қарым-қатынастарды дамытуға ынталандыруы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бразилиялық компаниялар агроөнеркәсіп, тау-кен металлургия, машина жасау және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу