Қазақстан мен Еуропалық азаматтық авиация конференциясы (ECAC) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайту және өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Монреаль қаласында өткен ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші дүниежүзілік конференциясы аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ECAC) Президенті Алессио Кваранта кездесті.
Кездесуде авиация саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу, мемлекеттік реттеу тәсілдерін жетілдіру, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық стандарттарға сай озық тәжірибелерді енгізу мәселелері қарастырылды.
Тараптар азаматтық авиацияны дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады.
ECAC құрамына 44 мүше мемлекет – еуропалық елдердің азаматтық авиация органдары кіреді. Конференция құрамында Еуропалық одақ елдері, ЕО-ға кірмейтін Еуробақылауға (Евроконтроль) мүше мемлекеттер, сондай-ақ еуропалық қатысушы елдер (Исландия, Әзербайжан, Сан-Марино, Ұлыбритания, Норвегия, Швейцария, Түркия, Украина және басқалары) бар.
Ұйым мүше мемлекеттердің азаматтық авиация саласындағы саяси ұстанымдарын үйлестіруге, өзара ынтымақтастықты дамытуға және әуе көлігін жетілдіруге ықпал етеді.