Қазақстан мен Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестікті тереңдетуде жаңа бағыттарды айқындады

373

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті тереңдету бағытындағы жаңа стратегиялық мақсаттар Ынтымақтастық комитетінің саяси конфигурациядағы 23-ші отырысында талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестікті тереңдетуде жаңа бағыттарды айқындады Фото: gov.kz

Жиынға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және еуропалық тараптан Одроне Перкаускене төрағалық етті.

Кездесу барысында Қазақстандағы саяси реформалардың барысы, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, сот реформасы және заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен қаралды. Тараптар бұл бағыттардағы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе Global Gateway бастамасы аясында көлік-логистика, жасыл энергетика, экология және маңызды шикізат жеткізу салаларындағы байланыстарды күшейту мәселелері сөз болды. Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру да негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды.

Бұдан бөлек, академиялық ұтқырлықты дамыту, Erasmus+ және Horizon Europe сияқты ғылыми бағдарламалар арқылы зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігі айтылды. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету перспективаларын да талқылап, консулдық-визалық диалогты жандандыруға уағдаласты.

Жиын қорытындысында екі тарап та стратегиялық серіктестікті барлық бағытта одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу