Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев 2 желтоқсанда Брюссельде өткен Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы жеңілдетілген визалық режим және реадмиссия бойынша келіссөздердің қорытындысы бойынша ЕО Елшісі Алешка Симкичпен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар келіссөздердің басталуы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара сенімнің артуын, азаматтардың мобильдігін және гуманитарлық, қоғамдық байланыстарды нығайтуды көрсететінін атап өтті. Бұл процесс Орталық Азия мен ЕО арасындағы осындай алғашқы бастама болып, тарихи мәнге ие деп бағаланды.
Келіссөздер келесі жылы, 2026 жылдың ақпанында Астанада жалғасатын болады.