Қазақстан мен Франция агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

135

Екі ел арасында агроөнеркәсіп өнімдерінің өзара сауда көлемі 2 пайызға артып, 103,2 миллион АҚШ долларын құрады.

Қазақстан мен Франция агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогеомен кездесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен болашағын талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Вице-министр Қазақстан мен Франция арасындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарының бірі әрдайым ауыл шаруашылығы болып қала беретінін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп өнімдерінің өзара сауда көлемі 2 пайызға артып, 103,2 миллион АҚШ долларын құрады.

Кездесу барысында мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.

Аманғали Бердалин Франциядан асыл тұқымды мал әкелуге көңіл бөлді. Бұл бағытты дамыту үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау, салықтық жеңілдіктер бар және биылғы жылдың 1 наурызынан бастап жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен, 7 жыл мерзімге жеңілдетілген несие беру тетігі іске қосылды.

Тараптар француздың генетикалық бағыттағы Synetics компаниясы және "Асыл түлік" акционерлік қоғамымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін кеңінен талқылады. Ынтымақтастық 2024-2028 жылдар аралығында ұзақ мерзімге жоспарланған, селекциялық бағдарламаларды әзірлеуге француз мамандары қатысады және мал шаруашылығына озық технологиялар енгізіледі. Бүгінде тиісті меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып, генетикалық материалдарды жеткізу қолға алынуда.

Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері де назардан тыс қалдырмады.

Қазақстан тарапы мемлекеттік реттеу мен тұқымдық қауымдастықтардың қызметі бойынша Франция және Еуропа тәжірибесін зерделеуге ынталылық танытты.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында ұсақ малды импорттауға арналған ветеринариялық сертификаттарды келісу барысы да талқыланды.

Ынтымақтастықты тереңдету бағыттарының бірі ретінде жылқы етін Еуропа нарығына экспорттау мәселесі айтылды. Осыған байланысты қазақстандық "Қайып Ата" компаниясы мен француздың Pegase BVS компаниясы арасында Францияға өнім жеткізу жөнінде келісім жасалғаны атап өтілді.

Өз кезегінде Елші Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында әріптестікті  кеңейтуге қызығушылық білдірді. Әсіресе, жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды көшіру технологияларын енгізу, жемшөп базасын дамыту, жайылымдарды тиімді басқару, саланы цифрландыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттарының келешегі зор.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ықпалдастықты жандандыруға және мал шаруашылығын дамыту бойынша бірлескен жол картасын әзірлеуге ниетті екендерін жеткізді.

Қол жеткізілген келісімдер екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, аграрлық салаға заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу