Қазақстан мен Франция арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісім аясында 28-29 шілде күндері Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі екіжақты комитеттің отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Комитеттің мақсаты – ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың іске асырылу барысын қарастыру, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективаларын айқындау.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барромен, сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат Николя Фориссьемен, сондай-ақ Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариаттың (CEA) бас директоры Анн-Изабель Этьенврмен кездесті.
Қазақстан мен Франция өзара тиімді стратегиялық әріптестікке негізделген энергетика саласындағы ынтымақтастықтың берік әрі ұзақ мерзімді сипатын растады.
Анықтама: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 5 қарашада Франция Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.