Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Франция Республикасына жұмыс сапары аясында Париж қаласында мемлекеттік органдар мен француз атом саласындағы жетекші компаниялар өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
EDF, Framatome және Orano компанияларының басшылығымен өткен келіссөздер барысында Қазақстандағы атом-энергетикалық жобаларды іске асыруға француз компанияларының қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ ынтымақтастықтың перспективалары экономикалық тиімділік пен ұзақ мерзімді тұрақтылық тұрғысынан талқыланды.
Францияның ядролық реттеу органы - ASNR басшылығымен кездесу барысында атом саласын мемлекеттік реттеу, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ АЭХА ұсынымдары мен халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе алмасу мәселелері қаралды. Тараптар реттеуші органдардың институционалдық тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өтіп, сараптамалық ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Кадрлық әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. I2EN атқарушы директорымен өткен кездесуде Қазақстанның азаматтық ядролық энергетика саласына арналған мамандарды даярлау тәсілдері талқыланды. Француз тарапы кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған қолдау бағдарламасының алдын ала тұжырымдамасын ұсынып, тараптар кадр даярлау жөніндегі жол картасын бірлесіп әзірлеу туралы уағдаласты.
Сонымен қатар, Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ экономика, қаржы, өнеркәсіп, энергетика және цифрлық егемендік министрлігі өкілдерімен кездесулер өткізіліп, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мәселелері талқыланды.
Париж қаласында өткен кездесулер Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.