Ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов пен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институтының (UfU) делегациясы арасында кездесу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту болашағын, топырақ құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығы жерлерін басқарудың орнықты әдістерін енгізу мәселелерін талқылады.
Германия делегациясының құрамында институттың Регенеративті жер пайдалану және климаттық тұрақтылық департаменті басшысының орынбасары Сами Чельтикоглу және Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Алия Мусина болды.
Кездесуде аграрлық секторды орнықты дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Атап айтқанда, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және тозған жер алқаптарын қалпына келтіру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар көміртекті жобаларды іске асырудың құқықтық негіздері, парниктік газдар шығарындыларын азайту, топырақтағы органикалық көміртек қорын арттыру, сондай-ақ жер ресурстарын орнықты басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелері талқыланды.
Қазақстанның табиғи-климаттық және аграрлық ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық тәжірибені қолдану, ғылыми-практикалық ынтымақтастықты дамыту және көміртекті егіншілік саласындағы бастамаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді.
Тиісті шешімдерді тәжірибеге енгізудің негізгі алаңдарының бірі ретінде "ЖЗҚЖЖМИ" мекемесінің ғылыми әлеуетін пайдалану мүмкіндігі қарастырылды.
Кәсіпорынның ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері мен жер ресурстарын зерттеу бағытында жинақтаған тәжірибесі бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Көміртекті егіншілікті дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің орнықтылығын арттыруға, топырақ сапасын сақтауға және елдің жер ресурстары әлеуетін тиімді пайдалануға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу соңында тараптар көміртекті егіншілікті дамыту, жер ресурстарын орнықты басқару және топырақтың сапалық жай-күйін жақсарту бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.