Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Германия Федералдық Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Рунхоффпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар инвестициялар тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылы Германиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 28,5 пайызға артқан. Ал соңғы 20 жылда неміс инвесторлары салған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 7,8 млрд доллардан асып, оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
"Германиядан тартылатын инвестициялар біз үшін стратегиялық маңызға ие және олар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына ие. Екі мемлекет басшыларының тұрақты сапарлары мен жоғары деңгейдегі белсенді байланыстары достық және әріптестік қатынастардың дамуына елеулі серпін берді. Біз өзара байланыстарымызды жан-жақты дамытуға және инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Штефан Рунхофф неміс бизнесінің қазақстандық серіктестермен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.
Бүгінде Қазақстан мен Германия арасындағы өнеркәсіптік кооперация портфеліне 7 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 41 инвестициялық жоба кіреді. Оның 20-сы іске қосылған. Олардың қатарында цемент өндірісі, құрылыс материалдарын локализациялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен электротехникалық өнімдер шығару жобалары бар.
Кездесу барысында сирек кездесетін және стратегиялық маңызды материалдарды бірлесіп игеру, өндірістерді локализациялау және жаңа индустриялық жобаларды іске асыру бағытындағы мүмкіндіктер де талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.