Қазақстан мен Германия су саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

281

Тараптар су үнемдеу технологиялары мен бірлескен жобаларды талқылады.

Қазақстан мен Германия су саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді Фото: gov.kz

Қазақстан мен Германия су ресурстарын тиімді пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы әріптестікті нығайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл мәселе Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің Германия делегациясымен кездесуінде талқыланды.

Германия Федералдық Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік министрлігінің Парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копф бастаған делегациямен өткен кездесуде ауыл шаруашылығында суды үнемдеу тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.

Тараптар неміс компаниялары мен ғылыми ұйымдарын су саласындағы жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстандағы су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту, су ресурстарын басқарудың озық әдістерін енгізу, мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар технология алмасу, цифрлық шешімдерді енгізу және бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесі сөз болды.

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы мен German Water Partnership ұйымы жаңа хабтың тұжырымдамасын келісіп жатыр. Аталған ұйым су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіреді. 

"Біз Германиямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінгі диалог серіктестігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болып, су ресурстары саласындағы өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру міндетін қойды. Неміс технологиялары мен тәжірибесі осы міндетті іске асырудың маңызды құралы бола алады", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу