Астана мен Афина сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы жаңа басымдықтарды белгіледі, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзара тиімді әлеуетін пайдаланудың жолдары туралы Афинада өткен Қазақстан-Грекияның экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 4-отырысы аясында мүдделі сұхбат болды.
Комиссияның тең-төрағалары – Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Грекия сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Георгиос Катругалос - бірлесе атқаратын жұмыстың бағыттарын айқындап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту тақырыптарына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ Грекияның Қазақстанның мемлекеттік бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі талқыланып, грекиялық қаржы институттардың "Астана" Халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастығы жөніндегі перспективалары қарастырылды.
Айта кетсек, соңғы екі жылда, яғни 2015-2016 жылдары белгілі бір құлдыраудан кейін, Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты саудада оң үдеріс байқалады. 2017 жылы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға, яғни 980,6 млн долларға (оның ішінде қазақстандық экспорт – 964 млн долл.) ұлғайса, ал 2018 жылғы қаңтар-шілде айларында, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 20 пайызға өсті (сауда көлемі – 750 млн доллар, ҚР-дан экспорт – 737,6 млн долл).
Сондай-ақ, жуырда Қазақстанда күн электр станцияларына арналған фотоэлектрикалық кешендерді дайындау, теңіз кен орындарын өңдеу бойынша инжиниринг және кірпіш шығару сияқты салаларда бірқатар жаңа бірлескен қазақ-грек өндірістері іске қосылды.