Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 400 млн долларға жетті

509

3 сәуірде Джакарта қаласында (Индонезия) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Индонезия арасында еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздердің бірінші раунды басталды.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 400 млн долларға жетті Фото: ҚР Сауда және Интеграция министрлігі

Аталмыш келіссөздерге ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ ҚР Индонезиядағы Елшілігінің өкілдерінен тұратын топ қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Индонезия - әлемдегі  халық саны жөнінен төртінші ел болып саналады. Оның экономикасы белсенді өсуде, көптеген сарапшылар Индонезияны экономикалық тұрғыдан ең перспективалы дамушы елдердің қатарына жатқызады. Еркін сауда туралы болашақ келісім қазақстандық тауарлардың осы нарыққа бажсыз режимде шығуына мүмкіндік береді", деді Сауда және интеграция вице-министрі Ж.Кушукова.

Қазірдің өзінде екі ел арасындағы өзара сауда 400 млн. долларға жетті. Қазақстан Индонезияға ферроқорытпаларды, асбестті, электр жабдықтарының жекелеген түрлерін және 244,3 млн. АҚШ долл. құрайтын тағы басқа тауарлардың түрлерін жеткізеді. Өз кезегінде Индонезия Қазақстанға тұрмыстық техниканы, автокөліктерді және басқа да бірқатар тауарларды әкелуде. Жалпы алғанда 2022 жылы Индонезиядан импорттың мөлшері 155 млн. АҚШ долл. құрады.

"Біз келіссөздер процесін енді ғана бастағанымызға қарамастан, бұл іс-шараның өзі бизнес үшін жақсы сигнал болып саналады және отандық тауар өндірушілердің назарын осы нарыққа аударуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды вице-министр.

Айта кетсек, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Индонезия арасындағы келіссөздердің бірінші раунды 2023 жылғы 5 сәуірге дейін жалғасады. Тараптар болашақ келісімнің бірқатар бөлімдерін, олардың ішінде тауар саудасы, шыққан елін анықтау ережелері, саудадағы техникалық кедергілер, зияткерлік меншік мәселелері, қорғау шараларын қолдану және т. б. талқылауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу