Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садегпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерді іске асыру тетіктеріне және мемлекет басшылары берген тапсырмаларды орындау жолдарына басымдық берілді.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен транзиттік әлеуетті арттыруда көлік инфрақұрылымының маңызын атап өтті. Осы бағытта "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі мен "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" темір жолы арқылы жүк тасымалын ұлғайту, сондай-ақ "Қазақстан – Иран – Ирак" және "Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Армения" бағыттары бойынша жаңа көлік дәліздерін іске қосу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар екі ел порттары арасында теңіз қатынасын дамыту, Шахид Раджаи және Чабахар порттарында көлік-логистикалық инфрақұрылым бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де күн тәртібіне енгізілді. Тараптар бұл бастамалар екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу аясында бірлескен жобаларды жүйелі түрде ілгерілету мақсатында көлік және логистика саласына жауапты уәкілетті органдар арасында тұрақты жұмыс кездесулерін өткізу қажеттігі де айтылды.
Қазақстан мен Иран арасындағы көлік дәліздерін дамытуға қатысты мәселелер алдағы уақытта Иранда өтетін үкіметаралық комиссияның кезекті отырысында жан-жақты қаралатын болады.