Қазақстан мен Иран терроризммен бірлесе күресуге мүдделі

1080

Қазақстан мен Иран терроризммен бірлесе күресуге мүдделі

Иран мен Қазақстан исламды терроризммен және жиһадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен бірлесе күресуге уағдаласты. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Иран Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, баламалы энергия саласындағы өздерінің жетістіктерін көрсететіндігін айта келе Қазақстан Президенті: "Біз бірқатар өзекті халықаралық және өңірлік  мәселелер жөнінде де пікірлестік. Исламофобияның таралуы, дінімізді терроризммен және жиһадизммен байланыстыру сияқты қатерлермен күрес жолында бірлесіп, жұмыс істеуге уағдаластық. Қатерлі құбылысқа айналған халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнатуға келістік", - деді. Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер барысында  екі елдің БҰҰ, ИЫҰ, Азия кеңесі, ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында саяси ықпалдастығын нығайтуға да келісім болғанын баса айтты.  

"Иран мемлекеті Еуразиялық экономикалық одақ аясында қарым-қатынас жасауға, ШЫҰ төңірегінде қатынас жасауға, мүшесі болуға мүдделі екендігін баяндады. Біз бұл ұмтылысын қолдайтын боламыз. Талқыланған барлық мәселе бойынша өзара ортақ түсіністікке  қол жеткізгенімізді баса айтқым келеді. Осының барлығы екі елдің көзқарасы мен ұстанымдарының ұқсас екендігін, өзара мүдделеріміздің бірге екендігін дәлелдейді. Жалпы, барлық сала бойынша Қазақстан мен Иран қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік мол. Бұл екі елге де бірдей пайдалы", - деді Назарбаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу