Қазақстан мен Иранның сыртқы істер министрлерінің басшылары ШЫҰ саммиті қарсаңында кездесті. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кездесті. Иранның сыртқы саясат мекемесінің басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Иран бұл ұйымда бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие.
Қ.Әбдірахманов ирандық әріптесіне биылғы 7 маусымда Теһранда орын алған террористік акті құрбандарына байланысты көңіл айтты. "Мұндай варварлық шабуыл терроризмге қарсы күресте күш-жігер біріктіру қажеттігін тағы бір мәрте баршамыздың қаперімізге салды", - деп атап өтті қазақ министрі.
Сыртқы саясат мекемелерінің басшылары 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығының ғылым және технология жөніндегі бірінші саммитіне дайындық, сондай-ақ Астана үдерісі шеңберіндегі сирия дағдарысын реттеуге бірлескен дипломатиялық күш-жігер мәселелерін қарастырды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын әзірлеу барысы талқыланды.
М. Джавад Зариф атап өткеніндей, Иран Қазақстанмен екіжақты, сондай-ақ көпжақты деңгейлерде көпқырлы әріптестікті нығайтуға бейілді. Оның сөзіне қарағанда, Тегеран Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлеміндегі бітімгершілік бастамаларын, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды. Дипломат Астананы "ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесінің ашылуымен құттықтады.