Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) Бас директоры Берік Арынмен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады. Сонымен қатар ИЫҰ-ның Еңбек орталығымен әріптестікті дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
"Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы әріптестікті нығайту озық тәжірибелерді енгізуге, ұлттық заңнаманы жетілдіруге және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді", – деді Асқарбек Ертаев.
Кездесу қорытындысында тараптар сындарлы диалогты жалғастырып, практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.