Қазақстан мен Италия арасында тікелей әуе рейсі ашылады

754

Қазақстан мен Италия арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Биыл жылы Қазақстан мен Италия арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы бүгін Италияның төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Дипломатиялық қызмет атқарған кезімде Қазақстан мен Италия арасында тікелей әуе рейсін ашу жобасын өкінішке орай жүзеге асыра алмадым. Бірақ, ағымдағы жылы, нақты айтқанда жазда екі елдің арасындағы тікелей әуе рейсінің ашылатындығына сенемін. Қазіргі уақытта бұл жұмыстармен құзіретті органдар айналысуда. Тікелей әуе рейсін ашу үшін келісілуі тиісті заңдық мәселелер бар", - деді ол Ақордада ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуі алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды еселей түсуге қажетті әлеует жеткілікті. Мәселен, Италия Қазақстанда қолға алынған экономиканы цифрландыру, Жібек жолы жобаларына қызығушылық танытады.

"Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы әлемдік дағдарыстың салдарынан 2014-2015 жылдары біршама құлдыраған болатын. Статистикалық деректерімізге сәйкес, тауар айналымымыз шамамен 2,5 млрд еуроны құрайды. Әрине, тауар айналымымызда негізінен Қазақстаннан импортталатын мұнай және мұнай өнімдері басым. Ал қазақстандық тарап Италиядан киім-кешектен бөлек мал шаруашылығығында, жалпы өнеркәсіпте қолданылатын құрал-жабдықтар импорттайды", - деді Стефано Раваньян.

Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтағалы отырған Италияның төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянмен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу