Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Израильдің ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі саналатын "LR GROUP" компаниясының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды strategy2050.kz.
"LR GROUP" компаниясының Израиль мемлекетінде 100 және әлемде 3000-ға жуық қызметкері еншілес компаниялар жүйесі арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, компания көкөніс, май өндірісі, тауық және күркетауық еті, жұмыртқа өндірісі және жылыжай кешенін дамытумен айналысады.
Енді "LR GROUP" компаниясы Қазақстанда бірлескен қор құруға ұсыныспен келіп отыр. Бұл қор қаржылық ұйым ғана емес, жобаларды нақты жүзеге асыратын, шетелден инвестиция тартатын, жаңа технологиялар ендіріп, экспортпен айналысатын ірі орталық болмақ.
Кездесу барысында вице-премьер Асқар Мырзахметов жобаның екі тарапқа да тиімді екенін айтып, "КазАгро" ұлттық холдингімен бірлесіп алғашқы кезеңін бастауға тапсырма берді. Енді екі жақтағы жұмысшы тобы жобаға қажетті қаражатты есептеп, келісімшарт түзбек.
Айта кетейік, Асқар Мырзахметов өткен аптада ғана Израильге жұмыс сапарымен барып, бірнеше келісімге қол жеткізген болатын. Сапар барысында Израильдің 60-қа жуық бизнес өкілімен кездесу өткізген. Араға апта салмай, Израильден ірі компанияның келіп, инвестиция салуға ниет білдіруі екіжақты келісімнің нақты жемісі болып отыр.