Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов пен Израиль Сыртқы істер министрінің орынбасары Идан Роллдың төрағалығымен, сондай-ақ Израиль СІМ Бас директорының орынбасары Гари Кореннің қатысуымен Қазақстан мен Израиль сыртқы саяси ведомстволары арасында 11-саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысушылар 2022 жылғы 11-12 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның 9-отырысы қорытындысын жоғары бағалады.
Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдай, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар екі елдің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылы да талқыға салынды. Осы ретте, БҰҰ мен АӨСШК аясындағы ынтымақтастық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Дипломаттар 2022 жылдың күзінде Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі мен Азия кеңесінің VI саммитін табысты өткізудің маңыздылығына тоқталды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды қарқынды деңгейде ұстауға келісті.