ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Израиль мемлекетінің Өңірлік ынтымақтастық министрлігі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Меморандум су ресурстары саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Ынтымақтастық бағыттарына су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, суды үнемдеу және қайта пайдалану технологияларын енгізу, сондай-ақ инновациялар мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу кіреді. Атап айтқанда, қашықтан зондтау арқылы деректерді жинау, басқару және өңдеу технологиялары бағыттарында тәжірибе алмасу көзделген.
Құжатта сонымен қатар су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жүйесін цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу, су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару саласында өзара іс-қимыл, ғылыми-техникалық ынтымақтастық және білікті мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған.
Меморандумға қол қою рәсімі аясында министрлер Израильдің жетекші компанияларының өкілдерімен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ қазақстандық су шаруашылығы мамандарын Израиль кәсіпорындарында оқыту жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады.
"Израиль күрделі климаттық жағдайда су ресурстарын басқару саласында бай тәжірибеге және осы саладағы озық технологияларға ие. Біз Қазақстанның су шаруашылығы саласын барлық бағыт бойынша жаңғыртуға бағытталған өзара тиімді және ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделіміз. Бұл су ресурстарын есепке алу мен бөлу процестерін цифрландыруды, жаңа су үнемдеу жүйелерін енгізуді, деректерді жинаудың заманауи әдістерін қолдануды және отандық мамандардың біліктілігін арттыруды қамтиды", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.