Қазақстан мен Канада энергетикадағы технология бойынша ынтымақтастықты нығайтпақ

174

Кездесуде қандай мәселелер талқыланды?

Қазақстан мен Канада энергетикадағы технология бойынша ынтымақтастықты нығайтпақ Фото: Канва

Бүгін "Астана" халықаралық қаржы орталығында бірқатар энергетикалық компанияның қызметкерлері Қазақстанның салалық ведомстволары мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесті. Іс-шараға Канададан келген делегация қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, бүгінгі жиында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюіне ерекше мән берілді.

"Альберта провинциясында (Канада) мұнай мен газдың ең бай қоры шоғырланған. Олар күніне шамамен төрт млн баррель шамасында өндіреді. Бұл көрсеткіш Қазақстан өндіретін деңгейден сәл артық. Сондықтан энегетика саласындағы біздің қарым-қатынас нығая түседі деген ойдамыз", – деді вице-министр.

Бүгінгі келіссөз миссиясы құрамына Альбертаның энергия өндіру, инновация және экологиялық қауіпсіздік саласындағы бизнес өкілдері, сондай-ақ, канадалық коммерциялық корпорацияның (Canadian Commercial Corporation) делегаттары кірді. Сондай-ақ, миссияға Канада энергетикалық форумының, Оңтүстік Альберта политехникалық институтының және "De Havilland" авиаөндірушісінің өкілдері қосылды. Олар Астана қаласында әлеуетті қазақстандық серіктестермен бірқатар келіссөзге қатысты.

Канадалық Альберта провинциясының Еңбек, экономика және сауда министрі Ааридж Башир Қазақстанның энергетика саласы бойынша әлемдік нарықтағы рөлін атап өтті.

Оның пайымынша, Қазақстан мен Канаданы қоршаған орта мен климатқа қатысты ұқсастығы ғана емес, сондай-ақ, энергетикалық сектордың өсу әлеуеті мен оның тұрақтылығы байланыстырып тұр.

"Энергетикалық секторда Канада парниктік газ шығарындыларын азайтуға, өндіріс әдістерін неғұрлым тұрақты етуге көп көңіл бөлді. Альберта провинциясы Канадада осы технологиялардың көпшілігін дамыту жолында шынымен алдыңғы орында келе жатыр. Менің ойымша, бұл технологияларды Қазақстанда қолданудың әлеуеті жоғары", – деді Ааридж Башир.

Өз кезегінде "Болашақ" қауымдастығы кеңесінің төрағасы Жәнібек Катренов бүгінгі жиын барысында энергетика, технология, экологияға қатысты маңызды ұсыныстар болатынын айтты.

"Канаданың энергетика саласындағы технологиялық тәжірибесі бар екенін білеміз. Осыдан бірнеше ай бұрын металлургия форумы кезінде Қазақстанға канадалық делегация да келді. Сол кезде жаңартылатын энергия көздері, оның ішінде (ядролық) энергия туралы тақырыптар да талқыланды", – деді Ж. Катренов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу