Қатар әскери қызметшілерінің басым көпшілігі ағылшын тілін біледі. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тараптар арасындағы келісімнің үшінші бабында бірлескен әскери-оқу жаттығулар өткізу көзделеді. Келісім жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде тараптар өзара келісілген мерзімде мемлекеттердің әуе кеңістігі мен әскери полигондарын бірлесіп пайдалана алатыны айтылған. Біздің әскерлердің техникалық үйлесімділігі қандай? Тілді қолдануда қиындықтар туындамай ма?", – деп сұрады сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың сөзінше, қысқа мерзімді оқу жаттығуын өткізген кезде әскерлердің техникалық үйлесімділігі маңызды емес.
"Маңыздысы – байланыс құралдары. Біздің қолданысымыздағы байланыс құралдары заманауи, цифрландырылған. Қатар әскерінде қолданылып жатқан байланыс құралдарымен үйлеседі. Тіл мәселесіне келсек, Қатар әскери қызметшілерінің басым көпшілігі ағылшын тілін біледі. Оқу жаттығуы аясында, басқа да іс-шаралар өткізген кезде ағылшын тілін қолданатын боламыз", – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.
Тағы бір сенатор Алтынбек Нұхұлы да тіл мәселесіне тоқталды.
"Келісімнің үшінші бабының бесінші тармақшасына сәйкес екі тараптың уәкілетті органдары арасында жасалатын шарттар немесе келісімшарттар негізінде білім беру мекемелерінде тараптардың әскери қызметшілеріне тілдік дайындық түрлері көзделген. Сонымен қатар келісімнің 8-бабында тілдік даярлау мәселелері қарастырылған. Екі ел арасындағы мұндай ынтымақтастық қандай оқу орындарында іске асады? Оқыту қай тілде жүргізіледі және қандай тілдер оқытылады? Оқу пәндерінің қажетті көлемін кім анықтайды?", – деп сұрады депутат министрлік өкілінен.
Талапкерлер әскери оқу орындарына түсу үшін тіл даярлығынан өтеді.
"Араб тілін Қатар мемлекетінде дайындауды көздеп отырмыз. Егер де Қатар тарапынан біздің ұлттық қорғаныс университетінде магистратура оқуға талаптанатын болса, онда біздің ұлттық қорғаныс университетінде қазақ немесе орыс тілін оқытатын боламыз. Тілді оқу мерзімі оқу орындарының бағдарламасына байланысты. Мәселен, біздің ұлттық қорғаныс университетінде 10 ай көзделген. Қанша адам жіберу жағына келсек, бұл екі қорғаныс министрлігінің қажеттілігіне байланысты", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.