Қазақстан мен Катар сауда жəне экономикалық байланыстарын нығайтуда

Қос ел сауда-өнеркəсіп палатасын құруға уағдаласты. 

Қазақстан мен Катар сауда жəне экономикалық байланыстарын нығайтуда Фото: Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы

Катарда ҚР-ның Катардағы елшілігі, Chamber of Qatar, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының қолдауымен тарихи бизнес- форум өтті.

Форумда Қазақстан мен Катардың 150-ден астам бизнес-қауымдастық өкілі инвестиция, экономика жəне өңірдің дамуының негізгі мәселелерін талқылау үшін жиналды.

KazService Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы ұйымдастырған форумда Катардың экономикасы мен əлемдік энергетикалық индустрияны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ірі компаниялары, соның ішінде QatarGas жəне QatarEnergy қатысты.

Катар қарқынды дамып келеді жəне халықаралық инвестициялар үшін сенімді серіктес ретінде беделге ие. Ел аймақтағы ЖІӨ бойынша төртінші экономика (219 млрд доллар) жəне жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша əлемдегі көшбасшылардың бірі. Сонымен қатар, Катар өзінің энергетикалық секторын белсенді дамытуды жалғастыруда жəне сұйытылған табиғи газдың (СТГ) ең ірі өндірушісі əрі экспорттаушысы. СТГ əлемдік көлемінің 25% қамтамасыз етеді жəне табиғи газ қоры бойынша əлемде үшінші орында. Investment Promotion Agency Qatar деректеріне сəйкес 2022 жылы Катарға 29 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды, бұл өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Qatar Investment Authority-ең ірі егеменді қорлардың бірі, оның капиталы 475 миллиард доллардан асады. Олар əлемнің 40-тан астам еліне инвестицияланған. Əзірге Қазақстанға осы қордан инвестициялар тартылған жоқ. KazService Төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов екі ұлт арасындағы берік іскерлік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті:

"Бұл форум идеялармен алмасу алаңы ғана емес. Бұл біздің экономикаларымызға оң əсер ететін жəне өзара өркендеуге ықпал ететін нақты серіктестіктер мен инвестицияларды құру мүмкіндігі", – деді Рашид Жақсылықов.

Форум энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика жəне өндірісті қоса алғанда, əртүрлі секторлардағы бірқатар іскерлік сессиялармен аяқталды. Іскерлік қоғамдастық өкілдері ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктерін зерттеп, бірлескен жобаларды талқылады.

Бизнес-форумда екі ел арасындағы сауда жəне экономикалық байланыстарды одан əрі нығайтуға ықпал ететін Қазақстан-Катар сауда-өнеркəсіп палатасын құру жөніндегі бастама да жарияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу