Сеулде Мемлекет басшысының Корея Республикасына сапары шеңберінде Қазақстан-Корея бизнес-форумы және екі елдің Іскерлік кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі" акционерлік қоғамы хабарлағандай, бизнес-форумның жұмысына қос тараптан 350 компанияның өкілдері қатысты. Бизнес-форумның шеңберінде келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды: фармацевтика, инфрақұрылым, құрылыс индустриясы, машина жасау, сауда, қаржы, туризм.
Бизнес-форум барысында денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, қаржы, сауда, туризм және тағы басқа салаларда жалпы сомасы 640,2 млн. АҚШ доллары болатын жобалар бойынша 20 келісімге қол қойылды.
Қол қойылған ірі құжаттардың ішінде: "Қазақстан Республикасында 350 млн. АҚШ доллары сомасына "Нефертем" фармацевтикалық және медициналық-биологиялық зауыттар кластерін құру туралы Меморандум", "SEOHA" Акционерлік компаниясы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің арасында сомасы 150 млн АҚШ доллары болатын ынтымақтастық және өзара ықпалдастық туралы Меморандум", және "Сомасы 80 млн АҚШ доллары болатын 504 төсек-орынға есептелген медициналық емхананың құрылысына инвестиция тарту үшін Қазақстан-Корея консорциумын құру туралы Меморандум бар.
Бүгінде Қазақстанда өндіріс, сауда және қызмет, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, консалтинг және қаржы, жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау салаларында 465 оңтүстіккореялық кәсіпорын жұмыс істейді, бұған қоса, химия өнеркәсібі, энергетика, машина жасау, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, тау-кен-металлургия кешені, инфрақұрылым және жеңіл өнеркәсіп салаларында 27 бірлескен кәсіпорын бар.