Астанада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чжон Кванның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының XI отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қыркүйекте Сеулге жоспарланған сапарына дайындық аясында ұйымдастырылды.
"Корея Республикасы – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Біздің байланыстарымызды нығайтуда жоғары деңгейде қалыптасқан сенімді қарым-қатынастың маңызы зор. Екі ел басшыларының ерекше қолдауының арқасында екіжақты ынтымақтастық жаңа практикалық мазмұнмен дәйекті түрде толықтырылып келеді", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Тараптар өнеркәсіп, табиғи ресурстар, аса маңызды минералдар, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан асып, Кореяның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі шамамен 8 млрд долларға жеткен. Сондай-ақ елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 бірлескен жоба пысықталуда. Сондай-ақ машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларында өндірісті локализациялау, технология трансфері және жаңа индустриялық құзыреттерді дамыту мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растап, бірлескен комиссия отырысының хаттамасына қол қойды.