Форум барысында Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері құны $65 млн құрайтын құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Форумның екі күнінің қорытындысына сәйкес құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдерді, кешенді микротыңайтқыштарды, аммофосты, натрий цианидін, әктас пен тақтатастарды жеткізуді, сауда және делдалдық қызметтер көрсетуді, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен банк саласындағы бастамаларды іске асыруды көздейтін $65 млн-нан астам сома көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды" — делінген ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Өңіраралық форумда сөз сөйлеген Премьер-министр екі ел арасында тиімді инвестициялық өзара іс-қимыл жолға қойылғанын атап өтті. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен $1,3 млрд инвестиция салса, өткен жылдың өзінде $200 млн-ға жуық инвестиция құйылды, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.
"Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз", — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар өңірлердің ынтымақтастығы сөз болды, себебі Қазақстанның екі облысы – Алматы мен Жамбыл ұзындығы шамамен 1200 км мемлекеттік шекара арқылы Қырғызстанның үш облысымен шектеседі. Сонымен қатар бүгінде өңіраралық және шекара маңы сауда қатынастарының түбегейлі жаңа жүйесі құрылып отыр.
Кездесу нәтижесі бойынша, екі елдің Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы хаттамасына, ал Шымкент және Ош қалалары, Ақтөбе және Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойды.