Қазақстан мен Қырғызстан өткізу бекеттерін бірлесіп қалпына келтіреді

1080

Екі ел үкіметтері арасында шекаралық өткізу бекетін реконструкциялау туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан мен Қырғызстан өткізу бекеттерін бірлесіп қалпына келтіреді

Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық өткізу бекетін реконструкциялау туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Қос елдің үкіметтері арасында Қазақстанның "Қарасу", ал Қырғызстанның "Ақ тілек" өткізу бекеттерінің аралығында жаңа көпірдің құрылысы мен қолданыстағы көпірді бірлесіп жөндеу туралы келісім жасалды.

Келісімге сәйкес, өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары 2020 жылы Шу өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу шараларынан басталмақ. Жоба аясында жүк және жеңіл көліктердің қозғалысына арналған жолақтар саны артып, көпірдің әр елге тиесілі жақтарында жаяу жүргіншілер жолағы салынады.

"Қарасу" өткізу бекетінің көліктік инфрақұрылымы қалпына келтірілетін болады. Жоспарға сәйкес жұмыстар 2021 жылы аяқталады.

Еске салсақ, Қазақстан мен Қырғызстан арасында бүгінгі таңда 7 өткізу бекеті жұмыс істейді. Бұл: "Қордай", "Қарасу", "Сыпатай батыр", "Айша бибі", "Кеген", және "Сарытөбе" өткізу бекеттері. Келесі жылы "Бесағаш" өткізу бекетінің жұмысы қайта жанданып, "Кеген" өткізу бекетінің жұмыс уақыты ұзартылады. Осылайша, екі ел арасындағы шекараны 8 өткізу бекеті арқылы өту мүмкін болады.

Сондай-ақ, қазақстандық тараптың "Қордай" өткізу бекетін реконструкциялайтындығын да айта кету керек. Қазір мердігер ұйым анықталды. Жобаны 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңғырту жұмыстарынан өткен соң "Қордай" бекетінің өткізу қабілеттілігі жылына шамамен 9 млн адам мен 900 мың автомобиль көлігін құрамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу