Бүгін Бішкекте мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің кездесуі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, Ала-Арча мемлекеттік резиденциясына келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Сооронбай Жээнбеков қарсы алды.
Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрметті қарауыл сап түзеп, Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады. Құрметті қарауыл бастығы рапорт берді. Мемлекеттер басшылары Құрметті қарауылдың қатарын аралап шықты. Осыдан кейін Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.
Салтанатты шара аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков келіссөз залына өтті.
Дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің қатысуымен шағын құрамдағы келіссөздер болып жатыр. Одан кейін екі ел делегацияларының қатысуымен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің кезекті бесінші отырысы өтеді. Аталған келіссөздер барысында барлық саланы қамтитын мәселелердің кең ауқымы жан-жақты талқыға түседі. Қорытындысында Мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасайды деп күтілуде.
Айта кетейік, кездесу нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарлануда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Бішкекке барды. Сапар аясында Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Президенті "Ата-Бейіт" ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды.
Қазақстан Қырғызстанның ең басты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып саналады. 2018 жылы өзара сауда көлемі 13,1 пайызға өсіп, 865,3 млн долларға жетті. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта екі ел арасындағы тауар айналымы 13,2 пайызға төмендеп 389,4 млн долларды құрады. Бұл ретте Қазақстаннан Қырғызстанға экспорты осы кезеңде 269,2 млн АҚШ доллар болғанын атап өткен жөн.